«Қазақ психологиялық қоғамы» - қазіргі заманғы интеграциялық тенденциялар және даму перспективалары


Перленбетов Мұқан Әтенұлы – психология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ психологиялық қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, Қазақ Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы

Әлемдік экономикалық дағдарыс, ақпараттық интервенцияның күшеюі, рухани құндылықтардың құлдырауы қоғамның бірқатар өзекті мәселелерін ушықтырды. Оларға қалыптасқан тұрақты отбасылық жүйенің бұзылуы, ата-ана мен бала қарым-қатынасының нашарлауы, өз-өзіне қол жұмсау, деструктивті іс әрекеттердің санының артып, зорлық-зомбылықтың көбейуі ж.т.б. жатқызуға болады.

Осыны ескере отырып, нарық билеген заманда психология ғылымы мен тәжірбиесі қоғамның өзекті әлеуметтік-психологиялық проблемаларын шешуге ат салысуы тиіс. Психологиялық ғылым мен практиканың аталған проблемаларды шешуден шет қалмауы және психологиялық қызметтердің жұмысын жұмылдыру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Құрметті Академигі, педагогика ғылымдарының докторы, психология ғылымдарының докторы К.Б.Жарықбаевтың және елімізге белгілі педагог, психолог ғалымдардың бастамасымен «Қазақ психологиялық қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Қоғамды Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі 2015 жылдың 21-сәуірінде ресми түрде тіркеді. Қоғам президенті болып бірауыздан психология ғылымдарының докторы М.Ә.Перленбетов сайланды. Қоғамның міндеттері Қазақстанда психологиялық ғылымның дамуына барынша жағдай жасау, қазақ халқының және елімізде тұрып жатқан басқа ұлттардың мәдениеті мен тарихын есепке алап отырып, халық арасында психологиялық білімді насихаттау және тарату, ғылыми-инновациялық қызметті жүзеге асыру, Қазақстан ғалымдары мен мамандарын қоғамның өзекті әлеуметтік-психологиялық проблемаларын шешуге жұмылдыру. Құрылған кезден бастап Қазақ психологиялық қоғамы психологияны мемлекеттік және халықаралық деңгейге шығаруды қолға ала бастады. Халықаралық ынтымақтастықты қылыптастыру үшін Халықаралық психологиялық ғылымдар академиясына, Ресей психологиялық қоғамына, Қырғызстан психологтарының Ұлттық қоғамына ресми хаттар жолданды.

Осының нәтижесінде 2015 жылдың 23-қыркүйегінде Қазақ психологиялық қоғамы мен Халықаралық психологиялық ғылымдар академиясы (Ресей Федерациясы) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ресей жағынан құжатқа академия Президенті пс.ғ.д. профессор В.В.Козлов қол қойды. Қазақ психологиялық қоғамы қазіргі кезде Украина, Грузия, Өзбекстан, Иран, Пәкістан, Қытай, Монғолия, Түркия сияқты елдердің психологиялық қауымдастықтарымен келіссөздер жүргізуде. Қазақ психологиялық қоғамы құрылған кезден бері мемлекеттік маңызы бар әлеуметтік-психологиялық проблемаларды шешуге белсенді қатысып келеді. Қоғамның өзекті әлеуметтік-психологиялық проблемаларын шешу үшін Үкіметке және түрлі Министрліктерге «Қазақ психологиялық қоғамы» РҚБ түрлі комиссиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың құрамына кіргізу қажеттігі туралы хаттар жолданды. Қазақстан Үкіметінің сол кездегі вице-премьері Б.М.Сапарабев психологиялық ғылым мен қызметтің маңыздылығын ескере отырып 2015 жылдың 24 тамызында «Қазақ психологиялық қоғамының» президенті М.Ә.Перленбетовты қабылдады. Б.М.Сапарбаев кездесу барысында Қазақ психологиялық қоғамына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, қоғамға ЮНИСЕФ-тің жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бағдарламасын жүзеге асырудың сараптамасына қатысу ұсынылды. Қазақ психологиялық қоғамы өз тарапынан «Қазақстан Республикасы халқының психологиялық денсаулығы» тұжырымдамасын және «Психологиялық денсаулық туралы» Заң қабылдауды ұсынды.

Қазақ психологиялық қоғамы 2015, 2016, 2017 жылдары 3 пленум өткізіп, оларға өңірлердің өкілдері, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының кафедра меңгерушілері қатысты. Пленумдарда психологиялық ғылыми секциялардың жетекшілері, өңірлік бөлімшелердің басшылары мен филиалдардың директорлары тағайындалды. Қазақ психологиялық қоғамы пленумдарының негізгі тақырыбы елде психологиялық білімдерді насихаттау және халықтың психологиялық мәдениетін жоғарылату деген үндеумен өтті.

2016 жылдың 27-сәуірінде Бішкек қаласында (Қырғызстан) ЕАЭО елдерінің «Үшінші мыңжылдықтың психологиялық векторы» атты І Халықаралық психологтар форумы өтті. Форумға Қазақ психологиялық қоғамынан профессор М.Ә.Перленбетов, Ресей психологиялық қоғамынан профессор А.Н.Веракса, Қырғызстан психологтарының Ұлттық қоғамынан профессор Ч.А.Шакеева және Белоруссия, Армения, Израиль, Германия мемлекеттерінің өкілдері қатысты. Онда қазіргі заманғы психологиялық ғылымның өзекті проблемалары талқыланып, ЕАЭО елдері психологтарының ынтымақтастығы туралы қарар қабылданды.

2017 жылдың 5 қазанында Ресейдің Қазан қаласында Ресей психологтарының Форумы ашылды. Осы форум аясында Ресей психологиялық қоғамының (РПҚ) съезі өтті. Сол форумда Ресей психологтар қоғамы және Қазақ психологиялық қоғамының (ҚПҚ) арасында Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Ресей тарапынан меморандумға РПҚ Президенті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің психология факультетінің деканы, РАО академигі, пс.ғ.д., проф. Ю.П.Зинченко, ал Қазақстан тарапынан ҚПҚ президенті проф. М.Ә.Перленбетов қол қойды. Мұндай серіктестік әлемдік психологиялық кеңістікке жол ашатын, интеграциялық идеяларды жүзеге асыратын үлкен мүмкіндік болып саналады.

Қоғам тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі, бұл - 2017 жылдың 7-8 желтоқсанында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткен Қазақ психологиялық қоғамының І съезі болды. Ол қазақ психологиясының және Ж.Аймауытовтың 1917 жылы жариялаған «Тәрбие» атты мақаласының 100 жылдығына арналды. Съезге Қазақстанның барлық өңірлерінен 500-ден аса делегат қатысты, онда қазақ психологиясының даму беталыстары, психологиялық ғылым мен практиканы жетілдірудің мәселелері талқыланды, қоғам Жарғысына түзетулер енгізу және қазақ психологиясын одан әрі дамыту бағдарламасы туралы қарар қабылданды. Қазақ психологиялық қоғамы 2018 жылдың 29-қарашасында Түркістан қаласында «Отбасы, балалар және жастар орталығы» облыстық орталығымен және Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ бірлесіп Республикалық психологтар форумын өткізді. Форумға Қазақстанның барлық өңірлерінен 600 аса психолог қатысты, онда жасөспірімдер арасындағы теріс жүріс-тұрысқа профилактика жүргізу мәселелері талқыланды, психологиялық ахуалды жақсарту бойынша ұсыныстар жасалды.

Қазақ психологиялық қоғамы 2019 жылдың 15-мамырында Қазақстан халықтары Ассамблеясымен және «Қайнар» Академиясымен бірлесіп ҚазҰЖҒА академигі, профессор С.М.Жақыповтың туылған күніне арналған «Этнопсихологияның қазіргі даму тенденциялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Конференцияда психология саласының жетекші ғалымдары, профессорлар К.Б.Жарықбаев, Ж.И.Намазбаева, Х.Т.Шерьязданова, Р.А.Аязбекова, А.Т.Ақажанова, О.С.Саңғылбаев баяндама жасады. Сол күні «Қайнар» Академиясында М.В.Ломоносов атындағы ММУ түлегі және құрметті профессоры С.М.Жақыпов атындағы «Психологиялық орталық» ашылды. Бұл орталықтың проф. С.М.Жақыптың есімімен аталуы оның Қайнар университетінде психология мамандығын дамытуға қосқан зор еңбегі үшін берілді.

2019 жылдың 2-5 шілдесінде Мәскеуде әлем психологтарының басын қосқан XVI Еуропалық Конгрессі өтті. Конгресстің ашылу рәсімі Мемлекеттік Кремль Сарайында өтіп, онда Ресей Федерациясы Үкіметінің, Министрліктерінің өкілдері, М.В.Ломоносов атындағы ММУ ректоры академик В.А.Садовничий баяндама жасады. Конгресске 82 елдің өкілдері, Қазақстан Республикасының атынан «Қазақ психологиялық қоғамы» РҚБ президенті профессор М.Ә.Перленбетов қатысты. Конгрессте психология саласындағы ғылыми жетістіктер үшін Бүкіләлемдік психологтар қауымдастығының, Еуропалық психологтар қауымдастығының, Ресей психологиялық қоғамының атынан сыйлықтар табысталды. «Қазақ психологиялық қоғамы» РҚБ президенті профессор М.Ә.Перленбетов конгресс барысында Бүкіләлемдік психологтар қауымдастығының және Африка елдері психологтар ассоцациясының президенті, профессор С.Купер мырзамен, Еуропалық психологтар қауымдастығының президенті Т.Баптистамен қоғамды әлемдік психологиялық ұйымдарға қабылдау туралы келіссөздер жүргізді. Конгресс өте жоғары деңгейде өтіп, онда қазіргі заманғы психологиялық ғылым мен практика саласындағы зерттеулердің нәтижелері, алдыңғы қатарлы психологиялық технологиялардың жетістіктері таныстырылды.

24.06.2019 жылы Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде (әскери қару жарақтың жарылуы) Қоғам мүшелері, психологтар өз еркімен сол жерге аттанды. Зардап шеккен отбасылармен жұмысқа барлық саны 42 психолог тартылса, соның біразы Қоғам мүшелері еді. Атап айтқанда, М.Еликулова, А.Байздрахманова ж.т.б. Пандемия басталғалы бері «Қазақ психологиялық қоғамы» РҚБ өз жұмысын онлайн форматта жүргізіп келеді. Қоғам Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау Министрлігімен, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен және басқа ұйымдармен бірлесіп оқшаулану және карантин жағдайында халыққа тегін психологиялық кеңестер беретін онлайн желілерін ашып, халыққа тегін психологиялық көмке көрсетті. Қоғам мүшелері пандемия кезіндегі проблемаларды шешуге бағытталған көптеген халықаралық және республикалық шараларға (форумдарға, ғылыми конференцияларға, «дөңгелек үстелдерге») қатысты.

Қазақ психологиялық қоғамы Қайнар Академиясында 2019 жылы екі рет республикалық психологиялық фестиваль «Қазақстандық Интенсив» өткізді. Оған барлық аймақтардан 150-ден астам студенттер, магистранттар, докторанттар, практик психологтар және ғалымдар қатысты. Мұндай Интенвивтер кезінде проф. С.М.Жақыповтың ұйымдастыруымен өткізіліп, соңғы кездері саябырсып қалған болатын. Сондықтан, интенсив психологтарға біліктілікті жетілдірудің, кәсіби шыңдалудың ортасы екенін тағы да бір дәлелдеп берді. Соңғы жылдары «Қазақ психологиялық қоғамы» РҚБ президиумының ұсынысы бойынша педагогика ғылымдарының докторы, психология ғылымдарының докторы, профессор К.Б.Жарықбаев пен психология ғылымдарының докторы, профессор Х.Т.Шерьяздановаға «Қазақстан Ұлттық академиясының құрметті мүшесі (академигі)» атағы берілді. Бұл «Қазақ психологиялық қоғамы» РҚБ Қазақстанның ғылыми қауымдастығының беделді мүшесіне айналғанын көрсетеді.

Қазіргі кезде Қоғам республикадағы психологтарды аттестациялау, аккредитациялау және сертификациялау мәселелерін қолға алуда. Сол үшін өз құрамында аттестациялау комитетін ашып, алғашқы кандидаттар жіберген құжаттарды қарастыруда. Еліміз әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына кіруі үшін азаматтардың сапалы өмірін ғана емес, олардың психологиялық денсаулығын және әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Ондай жағдайды қамтамасыз етуде психологиялық ғылым мен практика маңызды рөл атқарады. Кейбір елдердің тәжірибесі көрсеткендей қоғамдағы психологиялық және әлеуметтік проблемаларға көңіл бөлмеу қоғамды рухани дағдарысқа әкелетінін көрсетіп отыр. Заманауи психологияның дамуын психологиялық қызметтің дамыған желісі, алдыңғы қатарлы психологиялық технологиялар, әлемнің үздік ғылыми-практикалық зертханаларымен ынтымақтастық, бәсекеге қабілетті мамандар мен ғалымдарды тарту ғана қамтамасыз ете алады. Бізге әлде кімді қуып жету, басып озу немесе әлде кімге ұқсау маңызды болмауы керек, біз өзіміздің ұлттық бейнемізді сақтап, өз дүниетанымы бар ұлттық контент жасай білуіміз керек. Қазір Қазақстанда психология ғылымдарының 40-тан аса ғылым докторы мен 200-ге жуық ғылым кандидаты, көптеген PhD докторлары мен магистрлері жұмыс істейді. Осындай қуатты ғылыми және шығармашылық әлеуеті бар Қазақ психологиялық қоғамы халықаралық қауымдастықтарда, конференциялар мен симпозиумдарда Қазақстанның психологиялық ғылымының лайықты өкілі бола алады және көреген де ойшыл ата-бабаларымыз көрсеткен дамудың сара жолын жалғастыра алады деуге болады.


Байланыс


«Жанұя» Қоғамдық Қоры

050600 Қазақстан Республикасы

г.Алматы, Тимирязев к-сі 42а, корпус 15/109, офис 207

тел. +7 708 376 2396

тел. +7 777 189 4339

email: info@pfzh.kz